Алғашқы «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммитіне орай Сеулде өтетін іс-шаралар аясында Кимчи фестивалі мен K-Fest ұйымдастырылды, деп хабарлайды infotabigat.kz.

2026 жылғы 1 тамыз, сенбі күні Астанадағы Орталық саябақта Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен Астана корейлері қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған Кимчи фестивалі және K-Fest өтті.

Кимчи фестивалі аясында Қазақстанның 200-ге жуық тұрғыны корей халқының дәстүрлі тағамы – кимчиді дайындау бойынша шеберлік сабағына қатысты. Сонымен қатар K-Fest бағдарламасы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Фестивальде Корея Республикасы мен Қазақстанның өнерпаздары түрлі шығармашылық қойылымдар ұсынды. Концертке 1 500-ден астам көрермен жиналып, бұл қазақстандықтардың корей мәдениетіне деген жоғары қызығушылығын көрсетті.

Іс-шараға сондай-ақ Кореяның жетекші мемлекеттік ұйымдары – Корей мәдени орталығы, Кореяның Ұлттық туризм ұйымы (KTO), Корей білім беру орталығы және Кореяның Азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда корпорациясы (aT) қатысты. Олар арнайы тақырыптық көрме алаңдарын ұйымдастырып, келушілерге корей мәдениетімен танысуға, ұлттық тағамдардан дәм татуға, сондай-ақ Корея Республикасында білім алу және туристік мүмкіндіктер туралы ақпарат алуға мүмкіндік берді.

Фестиваль Қазақстан тұрғындарына демалыс күнін мазмұнды өткізіп, Кореямен жақынырақ танысып, оның бай мәдениетін сезінуге тамаша мүмкіндік сыйлады.

Аталған мәдени іс-шараның негізгі мақсаты – биыл қыркүйек айында Сеул қаласында өтетін алғашқы «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммитіне қазақстандық қоғамның қызығушылығын арттыру, сондай-ақ мәдени алмасу арқылы Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту болды.

