Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы егіншіліктің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Су тапшылығының алдын алу, трансшекаралық өзендерге тәуелділікті ескере отырып су ресурстарын ұтымды басқару және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу – өңірдегі басым бағыттардың бірі, деп хабарлайды infotabigat облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы – Қазақстанның ірі аграрлық өңірлерінің бірі. Облыстағы суармалы жер көлемі 575 мың гектарды құрайды. Бұл – республикадағы барлық суармалы жердің шамамен төрттен бір бөлігі. Облысқа тиесілі су ресурстарының шамамен 63 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Осы су көздерінің есебінен 314,2 мың гектар суармалы жер ағын сумен қамтамасыз етілуде. Вегетациялық кезеңге облысқа 2,6 млрд текше метр ағын су лимиті бекітілді. Бүгінгі таңда 2,5 млрд текше метр ағын су лимиті алынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар су тапшылығы жағдайында су ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға да мүмкіндік беруде.
Бұдан бөлек, өңірде су инфрақұрылымын жаңғырту және су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Атап айтқанда, су есепке алу жүйелерін цифрландыру, каналдардағы судың жоғалуын төмендету, автоматтандырылған гидробекеттер орнату, сондай-ақ мемлекеттер арасында жедел ақпарат алмасу тетігін жетілдіру көзделуде.

