• kz
  • ru
  • en
  • Қазақстан жастары климаттың өзгеруін талқылау үшін Астанада бас қосады

    Тамыз айының соңында Астанада Орталық Азия климаттық қорының (CACF) қолдауымен Қазақстан Республикасындағы климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі Ұлттық жастар конференциясы – LCOY Kazakhstan 2026 өтеді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың климаттың өзгеруі, халықаралық климаттық келіссөздер және климаттық жобаларды әзірлеу мен іске асыру саласындағы әлеуетін арттыру, деп хабарлайды infotabigat.kz Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған
    Жобалық офисінің ресми сайтына сілтеме жасап.

    Конференция 2026 жылғы 28–29 тамыз күндері Назарбаев Университетінде өтеді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының және еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастардың өкілдері қатысады.

    Конференцияның негізгі ұйымдастырушылары – Climate for Us және Sustainable Development Solutions Network Youth Kazakhstan (SDSN Youth Kazakhstan) студенттік ұйымдары. Іс-шара Орталық Азия климаттық қорымен (CACF) серіктестікте, Назарбаев Университетінің, Нархоз университетінің, NU Impact Foundation қорының және Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен ұйымдастырылады.

    Конференцияның негізгі мақсаттары:

    ● Қазақстан жастарына климаттың өзгеруі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы тәжірибе, идеялар мен бастамалармен алмасуға арналған инклюзивті әрі қолжетімді алаң ұсыну;

    ● білім беру семинарлары, тренингтер және әлеуетті арттыру бағдарламалары арқылы ұлттық жастар желісін нығайту;

    ● климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау және Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу бағытында жұмыс істейтін студенттік ұйымдардың құрылуы мен дамуына қолдау көрсету;

    ● жастардың халықаралық климаттық келіссөздер, соның ішінде Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясы (БҰҰ НКӨК), Париж келісімі және Түркияның Анталия қаласында өтетін Тараптар конференциясының 31-сессиясы (COP31) туралы хабардарлығын арттыру;

    ● климаттық іс-қимылдар мен климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері бойынша жастар, азаматтық қоғам ұйымдары және мемлекеттік органдар арасындағы ұрпақаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ету.

    Конференцияның екі күні ішінде климаттық күн тәртібінің түрлі бағыттарын қамтитын 10 тақырыптық сессия өткізіледі.

    Конференцияның күтілетін нәтижелері:

    ● Қазақстан жастарының климаттық іс-қимыл және елдің Ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін (NDC 3.0) іске асыру жөніндегі ұсыныстарын қамтитын Климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі Ұлттық жастар мәлімдемесін әзірлеу және жариялау;

    ● Қазақстанның барлық өңірінен келген 80 жас өкілді біріктіретін білім алмасу, тәжірибе бөлісу және әлеуетті арттыру платформасын қалыптастыру;

    ● климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау және Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) бағытында жұмыс істейтін 5–10 студенттік ұйымды немесе жастар бастамасын құру немесе іске қосу.

    Spread the love