Қазақстанда білім беру саласын цифрлық трансформациялауға бағытталған ең ірі бастамалардың бірі – «Ustazga AI» жобасы өз мәресіне жетті. Елдің түкпір-түкпірінен 400 мыңнан астам педагог қатысқан ауқымды жоба қорытындысында үздік деп танылған 20 мұғалім Оңтүстік Кореяда халықаралық тағылымдамадан өтіп, әлемдегі озық жоғары оқу орындарының тәжірибесін зерделеп қайтты, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Бұл – жай ғана шетелдік сапар емес. Бұл – жасанды интеллектіні мектептегі оқу үдерісіне тиімді енгізуге дайын жаңа буын қазақстандық педагогтердің қалыптасқанын көрсететін маңызды кезең. Бүгінде әлемнің дамыған елдері білім беру жүйесін жасанды интеллект технологияларымен ұштастыруға басымдық беріп отыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту елдің ұзақмерзімді стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Daryn Online білім беру платформасы бірлесіп «Ustazga AI» жобасын іске асырды.
Жоба аясында әзірленген «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» курсы мыңдаған педагогтің кәсіби біліктілігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Курс барысында мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын сабақ жоспарын әзірлеуге, оқушылардың білімін бағалауға, деңгейлік тапсырмалар дайындауға, әкімшілік құжаттарды автоматтандыруға, ата-аналармен жедел әрі тиімді байланыс орнатуға қолдануды меңгерді. Нәтижесінде цифрлық технология мұғалімнің уақытын үнемдеп қана қоймай, оқыту сапасын арттырудың нақты құралына айнала бастады.
Жобаның шешуші кезеңі маусым айында Астанада өткен республикалық педагогикалық хакатон болды. Байқауда қатысушылар өз мектептерінде кездесетін нақты мәселелерді жасанды интеллект арқылы шешуге арналған авторлық жобаларын қорғады. Бірі бірнеше секунд ішінде дайындалатын интерактивті сабақ жоспарларын ұсынса, енді бірі оқушылардың білім деңгейіне қарай автоматты түрде бейімделетін тапсырмалар жүйесін жасады. Сонымен қатар цифрлық бағалау карталары, оқушының даму динамикасын талдайтын интеллектуалды платформалар мен білім сапасын арттыруға арналған инновациялық модельдер таныстырылды.
Қазылар алқасы кәсіби шеберлік, инновациялық ойлау және жобалардың практикалық маңызын бағалай отырып, 20 үздік педагогті анықтады. Олар халықаралық тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды.
Жеңімпаздардың тағдыры да ерекше. 20 педагогтің тең жартысы – 10 мұғалім осы жоба арқылы алғаш рет паспорт рәсімдеп, алғаш рет шетелге шыққан. Олардың басым бөлігі ауылдық мектептерде еңбек етеді.
Daryn Ustaz орталығының директоры Ерлан Әбдіманаповтың айтуынша, кәсіби ізденіс пен үздіксіз еңбектің арқасында ұстаздар әлемнің жетекші университеттерінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Бұл тағылымдамадан ауыл мұғалімдері де, жас мамандар да, колледж оқытушылары да өтті. Жеңімпаздардың жартысы алғаш рет шетелге шықты. Бұл – қазақстандық ұстаздардың әлемдік білім кеңістігіне жасаған сенімді қадамы. Бүгінде 70 қазақстандық педагог Daryn Ustaz жобалары арқылы Сингапур, Финляндия, Эстония, Жапония, Қытай, Малайзия және Оңтүстік Кореяда халықаралық тағылымдамадан өтті, – деді Ерлан Әбдіманапов.
Бұл – еліміздің кез келген өңіріндегі педагогтің халықаралық деңгейге шығуына мүмкіндік бар екенін көрсететін нақты мысал. Жеңімпаздардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданындағы шағын жинақты мектептің мұғалімі. Кадр тапшылығына байланысты ол бір уақытта математика, физика, информатика және химия пәндерінен сабақ береді. Осындай жауапкершілігі жоғары педагогтің халықаралық деңгейде үздік атануы ауыл мұғалімдерінің әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін дәлелдейді.
Биылғы жобаның тағы бір ерекшелігі – халықаралық тағылымдамаға колледжде арнайы пәндерден сабақ беретін дәрігердің қатысуы. Медициналық колледж оқытушысы Ұлан Бақытжанның айтуынша, бүгінгі медицина саласында да жасанды интеллект негізгі құралдардың біріне айналып келеді.
Осындай ауқымды жобаларға колледж оқытушыларының да қатысуы өте маңызды. Қазіргі білім инновацияларға негізделеді. Сондықтан біз теориямен ғана шектелмей, жасанды интеллектіні өз мамандығымызға бейімдеп қолдануды үйренуіміз қажет. Мұндай жобалар кәсіби дамуға үлкен серпін береді, – дейді ол.
Тағылымдама барысында қазақстандық педагогтер KAIST (Korea Advanced Institute of Science and Technology), сондай-ақ Оңтүстік Кореяның басқа да жетекші жоғары оқу орындарының профессорларынан дәріс тыңдады.
Олар білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізудің үздік халықаралық тәжірибелерімен танысып, ғылыми-зерттеу жобаларының жүзеге асырылу барысын көрді.
Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы №11 мектептің информатика пәні мұғалімі, педагог-сарапшы Айымгүл Сүлейменқызы бұл сапардың кәсіби көзқарасын түбегейлі өзгерткенін айтады.
KAIST университетіндегі дәрістерден кейін жасанды интеллектіні мектепте қолданудың жаңа мүмкіндіктерін көрдік. Бұл тәжірибені өз мектебімізде енгізуге нақты жоспарларымыз бар. Мұндай тағылымдама кез келген педагогке үлкен серпін береді, – дейді ұстаз.
Тағылымдамаға қатысқан Құралай Мағауияқызы профессор доктор И өткізген дәрісті ерекше әсермен еске алады.
Доктор И Қазақстанның мектептерінде жасанды интеллектіні енгізуге әлеует өте жоғары екенін айтты. Бірақ бұл үшін біз үздіксіз ізденіп, жаңа білімді меңгеруіміз керек. Әлемдік деңгейдегі университетте білім алу – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік, – дейді ол.
Ал ұстаз Маржан Бралинаның бүгінгі білім беру жүйесіндегі басты өзгерісті бір ауыз сөзбен түйіндейді.
Шоқан Уәлиханов айтқандай, қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. Жасанды интеллектіні меңгеру – әр педагогтің кәсіби міндетіне айналды. Кореяға келгеніміз – жай ғана сапар емес, еліміздің білім беру жүйесіне салынған инвестиция, – дейді ол.
Жоба жеңімпаздарының құрамында әртүрлі буын өкілдері бар. Олардың бірі өткен жылы дәл осы ұйымдастырушылар өткізген тағы бір республикалық жобада жеңімпаз атанып, Финляндия мен Эстонияда тағылымдамадан өткен мектеп директоры. Биыл ол тағы бір жобада үздік шығып, бұл жолы Оңтүстік Корея тәжірибесін меңгерді.
Ал жеңімпаздардың ең жасы – небәрі 20 жастағы студент. Ол университеттің соңғы курсында оқи жүріп, Астанадағы жеке бастауыш мектепте инклюзивті білім беру бағытында жұмыс істейді.
Бұл жоба жас ерекшелігіне емес, кәсіби әлеует пен жаңашыл идеяларға басымдық берілетінін көрсетті. Тағы бір қызықты жайт – Семей қаласындағы бір мектептен бірден екі мұғалімнің халықаралық тағылымдама жеңімпазы атануы. Бұл сол білім ордасында қалыптасқан кәсіби орта мен үздіксіз даму мәдениетінің нәтижесі екенін аңғартады.
Тағылымдамадан оралған педагогтердің барлығы бір пікірге тоқталды: жасанды интеллект ешқашан мұғалімнің орнын баспайды. Керісінше, ол педагогті қағазбастылықтан арылтып, шығармашылыққа, оқушылармен жеке жұмыс істеуге және сапалы білім беруге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Қазіргі заман мұғалімі енді тек білім беруші ғана емес. Ол – цифрлық технологияларды меңгерген зерттеуші, жаңашыл әрі өзгерісті басқарушы көшбасшы.
Осы уақытқа дейін дәл осылай 70-тен аса қазақ мұғалімінің шетелде білімін жетілдіруге көмектескен «Ustazga AI» жобасының ең маңызды ерекшелігі – халықаралық тәжірибе тек 20 педагогтің кәсіби дамуымен шектелмейді. Жеңімпаздар өңірлеріне оралғаннан кейін алған білімдері мен тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, мектептерде оқыту семинарларын өткізіп, жасанды интеллект құралдарын қолданудың тиімді тәсілдерін таратады.
Осылайша халықаралық тағылымдаманың нәтижесі көптеген мектепке, жүздеген педагогке және тұтас білім беру жүйесіне әсер ететін мультипликативті жобаға айналып отыр.
Daryn Online білім беру платформасының «Ustazga AI» бастамасы Қазақстан мектептерінің жаһандық білім кеңістігіне сенімді қадам басқанын, ал қазақстандық мұғалімдердің цифрлық дәуірдің жаңа талаптарына жауап беруге дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бүгінгі таңда жасанды интеллект – болашақтың технологиясы ғана емес, сапалы білім берудің маңызды құралы. Ал оны тиімді қолдана алатын мұғалім – ертеңгі білім жүйесінің басты капиталы.

