• kz
  • ru
  • en
  • Қоқыс көлемі 2050 жылға қарай 3,8 млрд тоннаға жетуі мүмкін

    Жыл сайын әлемде шамамен 2,1 млрд тонна қатты коммуналдық қалдық түзіледі. Қазіргі үрдіс сақталса, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,8 млрд тоннаға дейін өсуі мүмкін, деп хабарлайды infotabigat.kz «Жасыл даму» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Алайда мәселе тек қалдық көлемінде емес. Бұл экономика мен қоршаған ортаға түсетін елеулі жүктеме. 2020 жылы әлем бойынша қалдықтарды басқаруға жұмсалған тікелей шығын шамамен 252 млрд долларды құрады. Ластанудың салдары, адам денсаулығы мен климатқа әсері ескерілгенде, жиынтық шығын 361 млрд долларға жуықтайды. Жүйелі өзгерістер болмаса, 2050 жылға қарай жаһандық шығын жыл сайын 640,3 млрд долларға дейін артуы мүмкін. Ал айналмалы экономикаға көшу жаңа мүмкіндіктер ашады.

    UNEP бағалауынша, ресурстарды тиімді пайдалану, қалдықтардың түзілуіне жол бермеу, заттарды қайта пайдалану және қайта өңдеу 2050 жылға қарай жыл сайын шамамен 108,5 млрд доллар көлемінде таза экономикалық пайда әкелуі мүмкін.

    Пластик қалдықтары мәселесі де ерекше назарды қажет етеді. Жыл сайын әлемде шамамен 400 млн тонна пластик қалдығы түзіледі. Оның небәрі 9%-ға жуығы қайта өңделеді. Қазіргі модель сақталса, 2060 жылға қарай пластик қалдықтарының көлемі жылына 1,2 млрд тоннаға жуықтауы мүмкін. Бұл деректер қалдықтарды басқару жүйесінің біртіндеп сызықтық модельден: «өндіру → пайдалану → тастау» айналмалы экономика қағидаттарына көшуі қажет екенін көрсетеді: қалдықтардың түзілуіне жол бермеу → қайта пайдалану → қайта өңдеу → ресурстарды экономикалық айналымға қайтару. Болашақта қалдық – жай қоқыс емес. Ол – экономикалық айналымда қалуға тиіс ресурс.

    Spread the love