Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясындағы (COP31) Ұлттық павильонның бағдарламасы мен мазмұнын қалыптастыруға арналған ұсыныстарды қабылдау 2026 жылғы 28 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды infotabigat.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
COP31 2026 жылғы 9–20 қараша аралығында Түркияның Анталья қаласында өтеді. Қазақстанның Ұлттық павильоны диалог жүргізуге, бастамалар мен жобаларды таныстыруға, климаттық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді сарапшылармен талқылауға, сондай-ақ өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған алаң болады.
Ұсыныстар беруге мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, ғылыми қауымдастық, азаматтық қоғам және халықаралық серіктестер шақырылады. Сондай-ақ сарапшылардың, зерттеушілердің және климаттық келіссөздер жөніндегі мамандардың қатысуына, тақырыптық материалдар мен экспонаттарды ұсынуға қатысты ұсыныстар қабылданады.
Павильон бағдарламасын қалыптастыру кезінде COP31-дің басым бағыттарына сәйкес келетін бастамаларға ерекше назар аударылады. Олардың қатарында нөлдік қалдықтар, климатқа төзімді қалалар, «жасыл» индустрияландыру, таза энергияға көшу, жастар мен білім беру, азық-түлік қауіпсіздігі және климаттық күн тәртібінің өзге де бағыттары бар.
Ұлттық павильон аясында ұзақтығы 60–90 минут болатын панельдік пікірталастар, сарапшылар кездесулері, бастамалар мен жобалардың таныстырылымдары ұйымдастырылуы мүмкін.
Қатысу үшін талаптармен танысып, тиісті нысанды толтыру қажет. Ресми сайтта іс-шара өткізуге арналған өтінім нысаны, «Бірлескен ұсыныс: сарапшылар мен экспонаттар» нысаны, сондай-ақ ұсыныстар беру жөніндегі нұсқаулық орналастырылған.
Ұсыныстар 2026 жылғы 28 тамызға дейін қабылданады.
Толық ақпарат, қатысушыларға қойылатын талаптар және өтінім беруге қажетті құжаттар мына сілтеме бойынша қолжетімді.

