БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялау туралы қарар қабылдады, деп хабарлайды infotabigat.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында ұсынған болатын. Қарарға әлемнің түрлі өңірлерінен 32 мемлекет қолдау білдірді.
Қазақстанда көгалдандыру және орманды қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2021–2025 жылдары мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млн гектардан астам жерде 1,6 млрд-тан астам көшет отырғызылып, тұқым себілді.
Осы кезеңде қалалар мен елді мекендерде шамамен 18,4 млн ағаш отырғызылды. Арал теңізінің құрғаған табанында 1,1 млн гектардан астам аумақта орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілді.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында соңғы екі жылда елімізде 1,5 мыңға жуық экологиялық іс-шара өткізіліп, шамамен 5,5 млн ағаш отырғызылды.
Алдағы негізгі міндеттер:
- 2026 жылы 210 млн-нан астам көшет отырғызу;
- 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырманы 2027 жылдың соңына дейін аяқтау;
- орман питомниктерін дамыту және өңірлерді сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз ету;
- отырғызылған ағаштардың жерсінуіне мониторингті күшейту;
- қалалар мен елді мекендердің айналасындағы жасыл аймақтарды кеңейту;
- 2035 жылға қарай орманмен көмкерілген аумақты 14,7 млн гектарға дейін ұлғайту;
- «Орталық Азияның жасыл қалқаны» өңірлік бастамасы аясында Қазақстанда 1 млн гектардан астам аумақта орман екпелерін құру мүмкіндігін қарастыру;
- халықаралық климаттық қаржыландыру мен көміртегі бірліктері тетіктерін тарта отырып, орман-климаттық жобаларды іске асыру.

Бұл жұмыстар алдағы жылдары да жалғасады. Негізгі міндет – отырғызылған ағаштардың жерсінуін қамтамасыз ету, жасыл аумақтарды кеңейту және орманды қалпына келтіру жұмыстарының сапасын арттыру.
Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау әрқайсымыздың күнделікті ісімізден басталады.

