Абай облысында аумақтардың санитариялық жағдайын жақсартуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүйелі түрде жалғасып келеді, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Жыл басынан бері облыс аумағында санитариялық тазалық пен абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін анықтау және олардың жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарда қоғамдық орындарға, аулаларға, көшелерге және тұрғындардың жаппай демалатын аумақтарына ерекше назар аударылуда.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9320 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде: ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 820 дерегі;елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзудың 8500 фактісі.
Тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау – баршамызға ортақ міндет. Қоршаған ортаны ластау, абаттандыру талаптарын бұзу тек әкімшілік жауапкершілікке әкеліп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсер етеді. Сондықтан әр азаматты тазалықты сақтауға, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға және белгіленген талаптарды орындауға шақырамыз. Құқық бұзушылықтың алдын алу – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі, – деді полиция қызметкерлері.
Құқықбұзушылықтардың алдын алуда Жедел басқару орталығының (ЖБО) бейнебақылау камералары да маңызды рөл атқаруда.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды қоршаған ортаны таза ұстауға, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға, абаттандыру қағидаларын сақтауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.

