Ақтөбе облысы полиция департаментінің ресми Instagram-парақшасына күн сайын тұрғындардан 30-ға жуық өтініш келіп түседі. Азаматтарды жол қауіпсіздігінен бастап, аулалардың тазалығы мен қоғамдық тәртіпке дейінгі түрлі мәселелер алаңдатады, деп хабарлайды infotabigat.kz
Солардың бірі — Ақтөбе қаласындағы Тілеу батыр көшесінің тұрғыны. Ол аумақта құрылыс материалдары мен тұрмыстық қалдықтардың жиналып қалғанын айтып, мәселені назарға алуды сұраған.
Тұрғынның айтуынша, қоқыс аумаққа түнгі уақытта әкелініп отырған. Соның салдарынан жағымсыз иіс тарап, тұрғындарға қолайсыздық туындаған.
Азаматтың өтініші полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің назарына алынды. Аумақта тиісті жұмыстар жүргізіліп, қазіргі уақытта жиналған қоқыс пен құрылыс қалдықтары тазартылды.
Мәселе мұнымен шектелмейді. Аталған учаске құзырлы органдардың бақылауында. Заңсыз қоқыс тастау фактілерінің алдын алу және аумақтың тазалығын сақтау бағытында тиісті жұмыстар жалғасуда.
Тұрғындардың әлеуметтік желі арқылы жолдаған әрбір өтініші назарға алынып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданады.

