Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Ірі мысық тұқымдастардың халықаралық альянсының (IBCA) Бас директоры Ядав Сатья Пракашпен кездесті, деп хабарлайды infotabigat.kz.

Тараптар сирек кездесетін түрлерді қорғау және олардың популяциясын қалпына келтіру бағытындағы практикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Әлібек Қуантыров IBCA ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Үндістанның Альянсқа қосылу жөніндегі бастамасын қолдайды және оны сирек кездесетін түрлерді сақтау бойынша жобаларды іске асыратын мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруге арналған тиімді алаң ретінде қарастырады. IBCA 30-ға жуық мемлекетті біріктіреді және ірі мысық тұқымдастардың жеті түрін – жолбарыс, арыстан, қабылан, қар барысы, гепард, ягуар және пума популяцияларын қорғау мен қалпына келтіруге бағытталған.

Сонымен қатар, Үндістанның жабайы табиғатында осы жеті ірі жыртқыштың бесеуі мекендейді. Қазақстанның бұл бағытта өзіндік тәжірибесі бар. Жүйелі қорғау және мониторинг жұмыстарының нәтижесінде соңғы онжылдықтарда еліміздегі қар барысының саны екі еседен астам артты (1990-жылдардағы 80–90 дарақтан қазіргі таңда шамамен 190 дараққа дейін).

Кездесу барысында тараптар одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын да айқындады. Олардың қатарында бірлескен зерттеулер жүргізу, мамандар даярлау, ветеринариялық және мониторинг әдістемелерімен, сондай-ақ ғылыми деректермен алмасу бар.

Біз ынтымақтастығымыздың барынша практикалық болғанын қалаймыз – бірлескен зерттеулер мен мамандар даярлаудан бастап, заманауи әдістемелер мен ғылыми деректер алмасуға дейін. IBCA-мен өзара іс-қимыл Қазақстанға ірі мысық тұқымдастарды сақтауға және Еуразиядағы табиғатты қорғау бастамаларын дамытуға нақты үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деп атап өтті ведомство басшысы.


