• kz
  • ru
  • en
  • Мемлекет басшысы Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін қорғауды күшейтуді тапсырды

    Мемлекет басшысы Каспий экология саммитінде сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Каспий экология саммитін өткізу туралы өзекті бастаманы дер кезінде көтерген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке ризашылығын жеткізді, деп хабарлайды infotabigat.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Мемлекет басшысы Каспий теңізінің аймақ халқы үшін стратегиялық маңызы зор екеніне тоқталып, бүгінгі кездесудің тарихи сипатын атап өтті.

    Каспий – бірегей табиғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі, күллі Еуразия құрлығындағы негізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, біздің мемлекеттеріміз мүдделі болуы керек. Осы орайда, мұны тек экологиялық дағдарыс емес, салдары өте қауіпті экономикалық ахуал деп бағалаған Иран Президенті Масуд Пезешкиан мырзаның пікірін құптаймын. Егер қазір жедел әрі батыл шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай күрт нашарлауы ықтимал. Бұл Каспий маңында орналасқан елдердің халқына ғана емес, әлемдік қоғамдастыққа да зардабын тигізеді. 2000 жылдан 2025 жылға дейін тартылған теңіз аумағы 16 мың шаршы шақырымнан асты. Жекелеген учаскелерде су жағадан ондаған шақырымға дейін алыстап кеткен. Каспийге келіп құятын өзен суының азаюы, климаттың жылынуы, антропогендік жүктеменің артуы нәзік табиғи жүйе мен теңіздің биоалуантүрлілігіне өте жағымсыз әсер етіп, орасан нұқсан келтіреді. Каспий итбалықтарының ахуалы қатты алаңдатады. Соңғы ғасырда олардың саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайды, – деді Мемлекет басшысы.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийдегі биоалуантүрлілікті сақтау үшін қосымша шараларды қолға алудың маңызына тоқталды.

    Оның пікірінше, теңіздің тартылуы, табиғи өмір сүру ортасының өзгеруі, ластану және антропогендік жүктеменің артуы уылдырық шашатын орындарды қалпына келтіру, сондай-ақ өзен аңғарларындағы экожүйені, флора мен фаунаның ерекше осал түрлерін қорғау жұмыстарын күшейтуді талап етеді.

    Солтүстік Арал тәжірибесі инженерлік шаралар мен табиғатқа бағдарланған ғылыми тәсілдерді ұштастыру су шаруашылығына қатысты және экологиялық міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Сонымен қатар жағалаудағы аумақтарды сақтап, климаттық өзгерістердің салдарын жеңілдетуге болатынын дәлелдеді. Заңсыз балық аулауға және биологиялық ресурстардың көлеңкелі айналымымен күреске баса мән беру қажет. Бұл мәселені ұжымдық күш-жігер арқылы ғана шешуге болады. Құқық қорғау және табиғатты қорғау органдары арасында ақпарат алмасуды жандандырып, бірлескен жедел іс-шаралар өткізу қажет. Цифрлық мониторинг құралдарын қолданғанымыз жөн. Қазақстан осы ортақ жұмысқа Каспий итбалығы мен оның тіршілік ету ортасын сақтау мақсатында құрылған мемлекеттік табиғи резерват әлеуетін жұмылдыруға әзір. Итбалықтардың тіршілік циклі үшін өте маңызды аймақтарда антропогендік әсерді барынша азайту мақсатында экологиялық дәліздерді сақтау мәселесіне де баса мән берген жөн. Сайып келгенде, Каспийді итбалықсыз елестету мүмкін емес. Еліміз Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру жұмысын қолға алды. Оның мақсаты – табиғатты қорғау ісінде әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру. Каспий теңізінің бірегей экожүйесі мен сирек кездесетін түрлерді қорғау қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі болады. Қор жұмысына белсенді атсалысып, бірлескен нақты жобаларды іске асыруға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы. 

    Spread the love