Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде ерекше ғылыми жаңалық ашылды. Фотомониторинг барысында Павлодар облысының қазіргі жануарлар дүниесіне тән емес сирек жыртқыш — құну (Gulo gulo) фототұзаққа түсті, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Ғылыми деректерге сүйенсек, Қазақстанда құнудың негізгі таралу аймағы Оңтүстік Алтайдың таулы-тайгалы өңірлерін қамтиды. Дегенмен бұл жыртқыштың негізгі мекенінен алыс аумақтарда кездескен тарихи деректері де бар.
1932 жылы — Бурабай ормандарында (қазіргі Ақмола облысы);
1948–1949 жылдары — Шағалалы көлі маңында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы).
Ғалымдар мұндай жағдайларды жекелеген жануарлардың алыс қашықтыққа орын ауыстыруымен байланыстырады.
Баянауылдағы бұл олжа несімен маңызды?
Бұл — Павлодар облысында құнудың алғаш рет тіркелуі. Сирек жыртқыштың негізгі таралу аймағынан едәуір қашықта анықталуы оның қозғалысы мен таралу ерекшеліктерін зерттеу үшін маңызды ғылыми дерек болып отыр.
Бұл жаңалық ұзақ мерзімді фотомониторингтің табиғаттағы сирек кездесетін жануарларды анықтаудағы және биоалуантүрлілікті зерттеудегі маңызын тағы бір мәрте көрсетеді.
Бақылау AP25795423 «Солтүстік-Шығыс Қазақстандағы аңшылық-кәсіпшілік жануарлар түрлерінің таралуы мен қорларын геоақпараттық модельдеу және картографиялау» ғылыми жобасы аясында жүргізілді. Жоба жетекшісі — PhD З. М. Сергазинова.
Ғылыми дереккөздер: А. В. Афанасьев «Қазақстан зоогеографиясы» (1960); «Қазақстан сүтқоректілері», III том, 2-бөлім (1982).

