Түркістан облысында күзгі көгалдандыру жұмыстары басталды. Басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекеме тұқымбақтарынан аудан, қала әкімдіктеріне 700 мыңға жуық көшет босатылады, деп хабарлайды infotabigat.kz.
Күзгі көшет егу жұмыстары аяқталған соң басқарма мамандары, орман шаруашылығы қызметкерлері мен аумақтық инспекция мамандарынан құралған жұмысшы топ тарапынан аралау жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде айтылды.
Күзгі көшет егу жұмыстарын сапалы әрі уақтылы атқаруды тапсырамын. Берілген көшетті 100 пайыз егіп, оны күтіп-баптау, суғару мәселесін де назарға алыңыздар. Әрбір аудан, қала бойынша осы бағыттағы жұмыстар қатаң қадағаланады, – деген Нұралхан Көшеров жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

Түркістан қаласы айналасындағы «Жасыл белдеу» аумағы 29 544 га болатын 6 орманшылықтан құралған. Бүгінгі күнге 19 471 га аумағына ағаштар отырғызылған. Оның ішінде 11 134 га сексеуіл екпелері, 8 337 га жапырақты ағаштар. Көнімділікті арттыру мақсатында биыл көктем айларында толықтыру үшін 1 805,5 га аумаққа 596 020 түп көшет отырғызылса, ал күз айларында 6296,1 га аумаққа толықтыруға 1 190 127 түп көшет отырғызылады.
Күзгі ағаш отырғызу маусымына дайындық аясында аудан, қалалардағы ағаш отырғызу схемалары жинақталып, тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осыған сәйкес, 2026 жылдың күзгі маусымында аудан, қала аумақтарын көгалдандыру мақсатында босатылатын көшеттердің сапасын бақылау жұмыстарын ұйымдастыру, көшеттерді босату және отырғызу мәселері бойынша жауапты тұлғалардың міндеттерін айқындау жөніндегі жоспар алгоритмі бекітілді. Аталған алгоритмге сәйкес, босатылған көшеттерді тасымалдап, егу жұмыстарын 3 күн ішінде аяқтау көзделген. Аудан, қалалардың күзгі ағаш егу маусымына дайындығын анықтау мақсатында жұмысшы топтың қатысуымен көшет отырғызылатын жерлердің қоршалуы, суару жүйесінің жай-күйі және шұңқыр қазу жұмыстарының барысы зерделенді.
Басқармаға қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелерде жалпы көлемі 250 гектарды құрайтын 14 тұрақты тұқымбақ бар. Онда ағаш-бұталардың 21 түрінен 12,3 млн. түп көшет өсірілуде. Келесі жылдың көктем айларына аудан, қала елді мекендерін көгалдандыруға басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекеме тұқымбақтарынан 300 мыңға жуық көшет егу жоспарланып отыр. Бұл тапсырма бойынша 14 аудан, қала әкімдіктерінде жер бөлініп, тұқымбақтар ашылды.

