Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді. Құжатқа алғаш рет “су қауіпсіздігі” деген ұғым енгізілген және енді жұртшылық су ресурстарын басқаруға қатысты шешімге қатысуы кеңейтілген, деп хабарлайды tabigat.kz.
Ведомствоның мәліметінше, “су қауіпсіздігі” деген ұғым халықты және экономиканы су тапшылығы мен су көздерінің ластануынан қорғау, сонымен қатар трансшекаралық су ресурстарын қорғауда еліміздің мүддесін қамтамасыз ету дегенді білдіреді.
Сонымен қатар, су көздерінің тартылып кетуінің алдын алу үшін “экологиялық ағын” деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл – өзен, көл, теңіздердің экожүйелерін сақтау үшін қажетті ең төменгі су деңгейі. Жаңа кодекс су ресурстарын басқарудың бас және бассейндік жоспарларын әзірлеуді көздейді. Оның қорытындысы мемлекеттік саясатты жоспарлауда ескеріледі.
Су ресурстарын басқару жөніндегі шешімдерді қабылдауға жұртшылықтың қатысуы кеңейтілді. Енді су бассейндері бойынша құрылған кеңестер су пайдалануды шектеу, су тасқыны мен қуаңшылықтың алдын алу, жергілікті биліктің қателіктерін түзету туралы ұсыныстар бере алады.
Сондай-ақ, енді су пайдаланушылар ауылшаруашылық қажеттіліктері үшін еріген қар суын өз бетінше және арнайы рұқсатсыз жинай алады. Ол үшін көлемі 2 млн текше метрден аспайтын тоған, су қоймасы немесе басқа да қойма салып, бұл нысанды тіркеу үшін бассейн инспекциясына хабар беруі қажет. Жаңа Су кодексінің тағы бір ерекшелігі гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесін жеке тарауға шығару болды. Онда гидротехникалық құрылыстардың тізімін қалыптастыру және жүргізу, оларды пайдалану, сондай-ақ қауіпсіздік декларацияларын әзірлей отырып, көпфакторлы тексеру жүргізу мәселелері жүйеленген.
“Жаңа Су кодексін әзірлеу кезінде біз бес негізгі қағиданы басшылыққа алдық. Бұл суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізі деп тану, суды қорғау және оның сарқылуын болдырмау, жерүсті және жерасты суын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге жұртшылықты тарту. Бұл құжат еліміздің су саласындағы жаңа мемлекеттік саясатын қалыптастыруға негіз болады”, – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.