Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлиннің мақаласын ұсынамыз.
Жуырда өткен Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің ХХ шақырылымдағы 4-пленумында (бұдан әрі – ҚКП ОК) «ҚКП ОК-нің халық шаруашылығы мен әлеуметтік дамудың 15-ші бесжылдық бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ұсыныстары» (бұдан әрі – Ұсыныстар) қаралып, қабылданды.
Құжатта көршілес елдермен даму интеграциясын тереңдету, бірлескен қауіпсіздікті нығайту, стратегиялық өзара сенімді арттыру және көрші мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыру қажеттігі атап өтілген. Қытайда «Жақын көрші – алыстағы туыстан артық» деген нақыл бар, ал өз шекараңдағы тыныштық қана дамуды сенімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин атап өткендей, көрші елдер – Қытайдың ұлттық дамуы мен өркендеуінің өмірлік маңызды негізі. Аймақтық жағдай мен жаһандық өзгерістер өзара тығыз байланысқан қазіргі кезеңде Қытай көрші мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын белсенді қалыптастырып, әлемдік дамуға жаңа серпін беріп, ірі держава ретіндегі жауапкершілігін көрсетіп келеді.
«Жалпыға ортақ сүйіспеншілік» арқылы «тату көршілікке» ықпал етіп, ортақ тағдырды бөлісе отырып қатар қадам басу
Ашықтық, инклюзивтілік, жалпыға ортақ игілік, теңгерімділік пен өзара пайда – көрші мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын құрудың негізгі шарттары. Қырғи-қабақ соғыс дәуірінің ойлау жүйесінен және «нөлдік қосынды» тұжырымдамасынан бас тарту арқылы ғана көрші елдердің дамуы негізінде ортақ істерді ілгерілетіп, жаһандық басқарудың неғұрлым әділетті әрі ұтымды жүйесін қалыптастыруға болады. Бүгінгі күні Қытай 17 көрші елмен ортақ тағдыр қауымдастығын құру жөнінде ортақ түсінікке келді, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында 25 елмен ынтымақтастық құжаттарына қол қойды және 18 елдің ең ірі сауда серіктесі болып отыр. Қытайдың Орталық Азияның бес елімен өзара іс-қимылы «үш толық қамту» міндеті аясында жүзеге асуда: жан-жақты стратегиялық әріптестікті толық қамту, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша ынтымақтастық құжаттарына қол қоюды толық қамту және ортақ тағдыр қауымдастығын құру бастамасын іске асыруды толық қамту.
Сонымен бірге, әлем соңғы жүз жылда бұрын-соңды болмаған ауқымдағы жедел өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Жаһандық Оңтүстіктің ұжымдық көтерілуі осы үдерістердің ең айқын көрінісі әрі жаңа дәуір жүктеген жаңа тарихи миссия болып табылады. Ұсыныстарда Жаһандық Оңтүстік елдерінің бірлескен әрі дербес дамуын қолдау, сыртқы көмектің ауқымын арттыру және халықаралық қоғамдық игіліктерді ұсынуды кеңейту қажеттігі нақты көрсетілген. Қытай Оңтүстікте пайда болып, Оңтүстікте тамыр жайды және онымен тығыз байланысты. Ол 160-тан астам елге даму мақсатындағы көмек көрсетіп, 1100-ден аса жобаны іске асырды, осылайша Жаһандық Оңтүстік елдерінің дамуы мен жаңғыруына нақты іс-қимылмен серпін берді. Қытай мен Орталық Азияның бес елі – Жаһандық Оңтүстіктің табиғи мүшелері әрі жаңғырту жолындағы серіктестер. Олар жаңа дәуір мен өзгермелі әлем әкелетін сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұра отырып, ұлттық даму стратегияларын үйлестіруді одан әрі нығайта береді.
«Бір қайықта отырып», «қауіпсіз көршілікке» ұмтылу, қиындықтарды бірге еңсеру
Қазіргі халықаралық қауіпсіздік ахуалы барған сайын күрделене түсті: ірі державалар арасындағы қарсы тұру күшеюде, геосаяси қақтығыстар жиілеп, популизм мен экстремизм қайта бой көрсетуде, ал болжамды және болжамсыз жаһандық тәуекелдердің жиынтығы айтарлықтай артты. Осындай жағдайда әртүрлі тәуекелдер мен сын-қатерлерді тиімді басқару, көршілес өңірлердегі ортақ тұрақтылықты қамтамасыз ету көрші мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастырудың шешуші шартына айналып отыр.
Көршілес өңірлерге сүйене отырып, Қытай қазіргі әлемдегі бейбітшілік тапшылығын, даму тапшылығын, қауіпсіздік тапшылығын және басқару тапшылығын еңсеруге нық ұмтылады. Төраға Си Цзиньпин Азия халықтары ежелден бейбітсүйгіш дәстүрді қадірлейтінін, осының арқасында өңір бес бейбіт қатар өмір сүру қағидатының бесігіне айналғанын атап өтті. Қытай мен Орталық Азияның бес мемлекеті өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері бойынша маңызды саяси консенсусқа қол жеткізді. Биыл өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитінде алты ел бірлесіп «Астана декларациясына» қол қойып, «Қытай – Орталық Азия» рухының қалыптасқанын жариялады және түйінді мүдделерді қорғау мәселелерінде өзара түсіністік, құрмет пен қолдауды мәлімдеді. Барлық алты ел «үш зұлым күшке», сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы бірлесіп күресуге, қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимылды үйлестіруге, Ауғанстанда бейбітшілікке, тұрақтылыққа және дамуды қалпына келтіруге жәрдемдесуге ниетті екенін растады. Осылайша бейбітшілікке, тұрақтылыққа және ортақ тағдырға негізделген өңірлік қауіпсіздік жүйесі қалыптасуда. «Біз бәріміз бір қайықтамыз» қағидатын басшылыққа ала отырып, Қытай көрші елдермен бірге дағдарыстарды еңсеріп, қиындықтарды жеңіп, өзгермелі жағдайға бейімделіп, дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашуда.
«Жалпыға ортақ пайда» қағидаты негізінде көрші елдердің өркендеуіне жәрдемдесу
Төраға Си Цзиньпин Қытайдың ашықтық саясаты бұрын «қуып жетуші» сипатта болса, бүгінде «жетекші» рөлге бағдарланғанын және бұл жоғары деңгейдегі ашықтық екенін айқын көрсетті. «Қуып жетуші» ашықтықтан «жетекші» ашықтыққа көшу – жаңа дәуірдегі Қытайдың жоғары деңгейдегі сыртқы ашықтығының жаңа миссиясы мен кең көкжиегін ашып, ірі держава ретіндегі жауапкершілігін толық айғақтайды. Ұсыныстарда «институционалдық ашықтықты тұрақты кеңейту, көпжақты сауда жүйесін қорғау және халықаралық экономикалық айналымды дамыту» қажеттігі атап өтілген. Құжат жоғары деңгейдегі ашықтықты ілгерілетудің нақты жол картасын айқындап, көрші елдердің игілігіне бағытталған оң сыртқы экономикалық әсерлерді үздіксіз ұсынуға Қытайдың саналы ұмтылысы мен саяси ерік-жігерін көрсетеді.
Экономикалық жаһандану толқынын тоқтату мүмкін емес, ал протекционизмнің жекелеген көріністері – соның аясындағы ұсақ толқулар ғана. Технологиялық инновациялар, цифрлық экономика және «жасыл» трансформация сияқты алдыңғы қатарлы салаларда ешбір ел өтпес бөгет қоя алмайды. «Бір гүл көктем әкелмейді, көктем – барлық гүлдер ашылғанда келеді». Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытай дамудың қолайлы мүмкіндіктерін бірлесіп бөлісу бағытын берік ұстанады. «Бір белдеу, бір жол» бастамасын сапалы бірлесіп іске асыру аясындағы ірі жобалар – «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржолы, «Қытай – Қазақстан» автомобиль жолы, Ляньюньгандағы қытай-қазақстандық халықаралық логистикалық база – Орталық Азияда табысты жүзеге асып, нақты нәтижелер беруде. Халықтың әл-ауқатына бағытталған «шағын, бірақ сапалы» жобалар бойынша ынтымақтастық жаңа форматтарға ие болып, көрші елдердің барған сайын көбірек тұрғындарына пайда әкелуде. Мүдделерді ұштастыру, бірлескен даму және өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету арқылы Қытай көпжақты сауда жүйесін және жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қолдаудың жаңа тәсілдерін ұсынып, көрші елдер арасындағы өңірлік өзара іс-қимылдың практикалық әрі тиімді жолын қалыптастыруда.
Шығыста таң шапағы аттып, бұл өңірде ашылған көрініс айрықша қолайлы. Қазақстан Қытай үшін ортақ таулар мен өзендер арқылы байланысқан, өзара тәуелділігі терең, көрші мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастырудағы маңызды буын болып табылатын ізгі көрші, сенімді серіктес әрі жақын дос. Соңғы жылдары Төраға Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке стратегиялық басшылығының арқасында Қытай-Қазақстан қатынастары дамудың жаңа, неғұрлым жоғары сатыларына тұрақты түрде көтерілуде. Өткен мен болашақты тоғыстырған тарихи кезеңде Қытай тарапы мемлекет басшылары дипломатиясының жетекшілігімен қазақстандық тараппен бірге саяси өзара сенімді нығайтып, даму стратегияларын үйлестіруді жеделдетуге және осылайша екіжақты қатынастар мен өңірдегі ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастырудың жаңа көкжиектерін ашуға дайын екенін білдіреді.

