Шығыс Қазақстан облысының Октябрьский кентінде жергілікті атқарушы органдардың тұрғындармен кездесуі өтіп, Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы жер учаскелерін пайдалану мәселелері талқыланды, деп хабарлайды infotabigat.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында 2025–2026 жылдары жекелеген жер учаскелері азаматтарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілгені түсіндірілді. Сонымен қатар аталған аумақтарда жасыл желектерді кесу фактілері анықталмағаны атап өтілді.
Талқылау қорытындысы бойынша көрсетілген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару рәсімін бастау туралы шешім қабылданды. Жер иелеріне балама жер учаскелері ұсынылады.
Барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін жағалау аумағында экопарк құру жоспарланып отыр. Жоба табиғи ландшафт пен жасыл желекті сақтауға, сондай-ақ тұрғындар мен өңір қонақтарының демалуына қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

