• kz
  • ru
  • en
  • Роза Кенжебекова «Байтақ» партиясы Әйелдер кеңесінің төрайымы болып сайланды

    Астанада жасылдар партиясының Республикалық Әйелдер конгресі өтті. Онда өңірлерден келген 32 делегат Әйелдер кеңесінің төрайымын сайлады, деп хабарлайды infotabigat.kz тілшісі.

    Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев экологиялық, әлеуметтік және мәдени бастамалармен бөлісіп, Әйелдер кеңесінің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, 2023 жылы елімізде мәслихат сайлауы болған кезде «Байтақ» партиясынан 200-ге жуық үміткер шыққан. Соның 15 пайызы әйелдер болған. Енді партия бұл көрсеткішті 8 есе арттыруды жоспарлап отыр.

    «Бізге әйелдер арасынан мықты көшбасшылар керек. Еліміздің өңірлерінен белсенді ханымдар заң шығару ісіне араласып, мемлекетіміздің өркендеуіне атсалысады. Оны біз осы әйелдер қанаты арқылы шығара аламыз. Келесі сайлауға 1600 үміткер шығарып, соның 30 пайызы әйел болуы керек деген жоспар бар. Бүгінгі Конгресс соның бастамасы және біз әйелдер кеңесінің жұмысын күшейтеміз», – деді Азаматхан Әміртаев.

    Әйелдер кеңесінің төрайымы лауазымына Роза Кенжебекова үміткер болған. Делегаттар оның төрайым болуына бір ауыздан дауыс берді.

    «Сенімдеріңізге рақмет! Ендігі мақсатым – әйелдердің мүддесін халықаралық деңгейге көтеру. Ауылдағы әйелдердің үнін естіп, олардың жобаларына қолдау көрсетіп, азаматтық белсенділігін арттырып, кәсіпкерлік жолына бағат-бағдар беруге бар күш-жігерімді саламын», – деді сайланған төрайым Роза Кенжебекова.

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    Spread the love